Сарбаздың әкесі қазақстандықтарға үндеу жолдады
Жалғыз ұлын Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына аттандырған сарбаздың әкесі ата-аналарға үндеу жасады
Досжан Перімқұл видеода өзі қызмет атқарған кешегі әскер мен бүгінгі әскерді салыстырады.
Мерзімді әскери қызметін өтеп жатқан баласымен жиі хат алмасатын азамат әскери бөлімнің офицерлерімен де тығыз байланыс орнатқан. Әскери бөлімнің әлеуетіне толық қанық болған әлеуметтік желі қолданушысы кешегі мен бүгінгі әскерді салыстырып, тұжырым жасайды. Осылайша, әскерде болған оқиғаларын ой елегінен өткізген ол баласын әскерге жіберуге құлқы жоқ ата-аналарға алаңдаудың еш негізі жоқтығын ашық айтады.
Менің ұлым үш қыздың арасында ерке болып өсті. Қазіргі уақытта әскердегі баламмен сөйлесу арқылы ұлымның балалығын тиып, әскери ортада ширығып, ер азаматқа тән болмысқа ие болғандығын аңғардым. Сондай-ақ, әскери бөлімде жауынгерлерге қолайлы жағдай жасалған. Сондықтан бүкіл қазақ халқына баласын үйде ұстамай, әскерге жіберіңдер дер едім, - дейді Досжан Перімқұлов.
Айта кетейік, Досжан Перімқұловтың ұлы Нұржан Бейбітбаев әскер сапына Астана қаласынан шақыртылған. Ол өткен жылдың маусым айынан бастап Павлодар қаласындағы №5512 әскери бөлімінде азаматтық борышын өткеруде.