БҚО-да 14 мектептің директоры жауапқа тартылды
Бұл мектептердің оқушылары түрлі зорлық-зомбылық сайттарына еркін кірген
Бұны облыстық прокуратура мониторинг жүргізу кезінде анықтаған, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚР Бас прокуратурасы ақпаратына сүйеніп.
Батыс Қазақстан облысындағы 14 мектептің информатика кабинеттерінде оқушылар тыйым салынған интернет-контенттерге кіргені анықталған. Яғни, кәмелетке толмағандар әртүрлі суицид пен зорлық-зомбылық көріністері бар сайттарға еркін кірген.
Осылайша жол берілген бұзушылықтар үшін облыстың білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Оның нәтижелері бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабы 7-2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке 14 мектеп директоры тартылды, - делінген ҚР Бас прокуратурасы хабарламасында.
Бүгінгі таңда ауданның барлық білім беру мекемелерінде осындай интернет-сайттарға кіруге шектеулер қою бойынша жұмыстар жүргізілуде.