Шахтадағы апат: шұңқырға құлаған автобус пен екі адам әлі табылған жоқ
Оқыс оқиға орын алғанына төртінші тәулік, әзірге нәтиже жоқ
ҚР ТЖМ мәліметінше "Майқайыңалтын" АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ауыр техниканың көмегімен өткелді тереңдету жұмыстары жалғасуда. Барлығы 37 мыңнан астам текше метр топырақ пен тау жыныстары шығарылды, - делінген хабарламада. - Іздеу-құтқару жұмыстарының барысын түзету үшін топырақты қайта геосканерлеу жүргізілді. Оқиға орнына ТЖМ, КӘАҚҚ РОШ, жергілікті атқарушы органдар, "Майқайыңалтын" АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелерінен барлығы 139 адам және 47 техника жұмылдырылды.
Геосканерлеу нәтижесінде опырылған аумақ түбінде металл тәріздес заттың жатқаны анықталған. Кран арқылы шағын экскаватор түсіріп, қазу қауіпті. Өйткені жоғарыдан төмен сырғып жатқан қалың топырақ техниканы басып қалуы мүмкін.
Оқиға себептерін тергеу мақсатында ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия жұмыс жүргізуде.
Естеріңізге сала кетсек, 4 қаңтар күні сағат 01.25 шамасында "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы технологиялық автожолда жұмыс істемейтін шахтаның кеңістігіне автобус құлаған болатын, онда "Майқайыңалтын" АҚ шахтасы алаңында түтін шыққаны туралы шақыруға шыққан КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының құтқарушылары болған. Автобуста барлығы 4 адам болған.