Тоқаев Қытай халқына көңіл айтты
Қытайдың солтүстік-батысында жер сілкініп, жүзден астам адам қаза тапты
Осыған байланысты ҚР Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың солтүстік-батысында болған жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айтты.
Еліңіздің Ганьсу провинциясында болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген отандастарыңыздың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте Сізге және табиғи апатта жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айта отырып, Қытай халқының қайғы-қасіретіне қазақстандықтар ортақ екенін жеткіземін. Зілзала кезінде зардап шеккен жандар тез арада сауығып, із-түссіз жоғалған азаматтардың отбасыларына аман-есен оралуына тілектеспін, - деп жазылған жеделхатта.