Алматыдағы хостелде өрт шығып, 13 адам көз жұмды
Бүгін таңертең Алматы қаласында жертөледе орналасқан хостелдердің бірінде өрт шыққан
Қайтыс болғандардың арасында қазақстандықтардан бөлек, Өзбекстан мен Ресей азаматтары бар, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ҚР ТЖМ осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді.
Алдын ала мәліметтер бойынша өрт ошағы жертөленің дәлізінде болған. Бұл объект бір жарым ай бұрын хостел ретінде қайта жабдықталған. Хостелдің ауданы 457 шаршы метрді құрайды. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді, - деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Ал оқиға орнына келген Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаза болғандардың 11-і қазақстандық, бір азамат Өзбекстан Республикасының, тағы бір азамат Саха Республикасының азаматы екенін атады.
Бейресми ақпараттарға сүйенсек, хостелде 72 адам болған, 59 адам өздігімен сыртқа шығып кеткен.