Үкімет басшысы шекарадан жүк өткізу рәсімін жеңілдетуді тапсырды
Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты проблемалар елдің экономикасына кері әсер етеді
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын одан әрі дамыту шаралары қаралды, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Премьер-министр теміржол – көлік саласының және жалпы ел экономикасының күретамыры екенін атап өтті.
Еліміз көптеген халықаралық бағыттар тоғысатын, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Азия мен Еуропа арасында Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі жыл сайын өсе түсуде. Тек қана Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржолмен жүк тасымалдау өткен жылы 23 млн тоннадан асты. Биыл бұл көрсеткіш тағы 22%-ке өсті, - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ға жетіп отыр.
Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты проблемалар бар, бұл транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді. Сондықтан, бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап, дайындап беретін "бір терезе" жүйесін құру қажет. Барлық қызметтер жедел әрі бір мезетте, яғни синхронды түрде жұмыс істеуі тиіс, - деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, тұрғындар тарапынан ҚТЖ қызметіне қатысты көптеген шағымдар келіп түсуде.
Бұл – пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондарға қатысты. Ал бизнес болса вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып, шағымдануда. Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді, - деп атап өтті Премьер-министр.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Премьер-министр көлік, қаржы, ауыл шаруашылығы министрліктеріне, шекара қызметі, "Қазақстан темір жолы" және "Самұрық-қазына" қорына жыл соңына дейін жүктерді рәсімдеуді оңайлату мәселесін пысықтауды тапсырды.
Қарау мерзімі кем дегенде 2 есе қысқаруы тиіс, - деді Үкімет басшысы.