Президент Димашқа тазы күшік сыйлады
Әнші Димаш Құдайберген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан ерекше сый алды
Мемлекет басшысының тартуын танымал әнші "Ғарышкер" деп атаған, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Бұл туралы Димаш Құдайбергенов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
Достар, танысып қойыңыздар, бұл - менің жаңа досым. Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады, - деп жазды Димаш Құдайберген. - Тазы – біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған "Жеті қазынаның" бірі. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Себебі бұл қазақы тұқым тән сұлулығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді және менің байқауымша, өте ақылды келеді. Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған, бұл оның тазалығын білдіреді.
Әнші осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентке алғысын білдірді.
Айта кетейік, тазыны "Ғарышкер" деп атаған.