Шымкенттегі жылу және электр желілерін жөндеуге бөлінген қаржы қолды болған
Қалалық коммуналдық кәсіпорын басшылығы аса ірі көлемде мемлекет қаражатын ұрлады деген күдікке ілікті
Сонымен қоса, Шымкент қалалық әкімдігінің бірнеше лауазымды тұлғасы тергеуге алынды, деп хабарлады ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі.
Аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Шымкент қаласы әкімдігі мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты істі ҚМА Шымкент қаласы бойынша Департаменті тергеп жатыр, - делінген хабарламада. - Қала әкімдігінің бақылауындағы қосалқы мердігерлер және лауазымды тұлғалар бірлесе отырып, жұмыс пен тауарлардың құнын жоғарылатып, жылу желілері мен электр желілерін ағымдағы жөндеуге бөлінген 1,1 млрд теңге сомада бюджет қаражатын ұрлау жолымен қалалық коммуналдық кәсіпорнының басшылығы қылмыс жасады деп күдіктелуде.
Күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды.
Шенеуніктер заңсыз жолмен тапқан ақшаны пайдаланып, Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен құны 150 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік сатып алған. Тергеу сотының санкциясымен барлық мүлікке тыйым салынды.