Қазақстаннан 28 ителгіні заңсыз жолмен шетелге шығармақ болған
Қызыл кітапқа енген құстарды Таяу Шығыс елдерінің біріне жеткізу жоспарланған екен
Ителгіні заңсыз әкетпек болған шетелдіктер мен ҚР азаматтары әуежайдан ұсталды, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚР ҰҚК баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
2023 жылғы 17 қыркүйекте Атырау қаласының әуежайында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстанның Қызыл кітабына енген 28 ителгі құсын контрабандалық жолмен шетелге шығармақ болған шетелдіктер мен ҚР азаматтарын ұстау бойынша арнайы операция жүргізді, - делінген хабарламада. - Қылмыстық пиғылы бойынша құстарды Таяу Шығыс елдерінің біріне жеткізуді жоспарлаған.
Ұйымдастырушылардың бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында ителгі құсын ұстауға арналған арнайы жабдықталған бөлме, оларды ұйықтатуға арналған медициналық препараттар табылды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 3-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Келтірілген залалдың сомасы 200 млн теңгеден астам.