Биыл ҰБТ-да жаңа тапсырмалар қосылып, тест тапсыру уақыты қысқарады
Міндетті пәндерден тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарып, бейіндік пәннің сұрақтар саны артады
2024 жылы ҰБТ бойынша қандаз өзгерістер болатынын Ғылым және жоғары білім министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Былтыр министрліктегілер болашақ талапкерлер жоғары оқу орнына түсуге жақсы дайындалуы үшін ҰБТ жаңалықтарын жыл басында жариялауға уәде еткен болатын.
2024 жылғы ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгереді, сондай-ақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтейін, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы, - деп жазды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің Telegram-арнасында.
Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.
Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты тестілеу уақыты қысқарады. Енді ҰБТ тапсыруға оқушыларға 3 сағат 30 минут (210 минут) бөлінеді. Бұрын 4 сағат (240 минут) берілген. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Биылғы тағы бір жаңалық шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлерге қатысты, енді олар "Қазақстан тарихы" мен "Оқу сауаттылығы" пәндерімен қатар "Математикалық сауаттылықты" міндетті пән ретінде тапсырады. "Математикалық сауаттылықтан" тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталғанын атап өткім келеді, сондықтан бұл пән барлық тестке тапсырушы үшін міндетті, - делінген мәлімдемеде. - Бейіндік пәндердің комбинациясы бойынша да өзгерістер бар. Оқушылардың, ата-аналардың және педагогикалық қауымның пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, "B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар", "B055 – Математика және статистика", "B063 – Электротехника және автоматтандыру" білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер "Математика-Информатика" комбинациясын тапсырады.
Айта кетейік, негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігі ресми түрде бекітілген. Егер ақылы негізде түсу үшін ҰБТ тапсырудың тағы үш мүмкіндігі бар екенін ескеретін болсақ, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады.