Теннис турниріне келген комиссия мүшелерінің мүлкін ұрлаған шыменттік азамат ұсталды
Шымкент тұрғыны теннис орталығынан жалпы құны 1 млн теңгеден асатын техниканы ұрлап кеткен
Ол одан өзге, бір ай ішінде емханалар мен шаштараз, интернет-клубта ұрлық жасап үлгерген, деп хабарлайды Устинка LIVE Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ал теннис орталығында қолды болған ноутбуктер мен смартфондар елордадан теннис турнирін өткізуге келген комиссия мүшелеріне тиесілі болып шықты.
Бейнекамералардағы жазбаларды зерделеу кезінде, қаскүнем теннис ойнауға келгендей, спорт орталығына емін-еркін кіргені және ашық тұрған қызметтік бөлмеден қымбат техниканы қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды, - делінген ақпаратта. - Күдікті - бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған 27 жастағы қала тұрғыны. Азаматтың тағы 7 ұрлық фактісіне қатысы бары анықталды.
Күдікті тағы бір ұрланған смартфонды кездейсоқ сатып алушыларға өткізу үстінде ұсталды.
Ол бір ай ішінде өзгенің 4 ұялы телефонын, ноутбук пен 2 ойын приставкаларын иемденген. Жалпы сомасы 2 млн теңгеден астам шығын емдеу орталығының, интернет-клуб және стоматологияның жұмысшылары мен шаштаразға келтірілген.
188-баптың 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған ер адам қамауда.