Елімізде бес жаңа министрлік құрылды
Осыған байланысты төрт министрліктің басшылары қызметтерінен босатылды
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығына қол қойды
Жарлық бойынша:
- Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі;
- Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі;
- Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі;
- Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі;
- Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының жарлықтарымен:
Марат Кәрімжанұлы Қарабаев Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымынан босатылды;
Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымынан босатылды;
Асхат Раздықұлы Оралов Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі лауазымынан босатылды;
Зүлфия Болатқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылды.