Президент Әкімшілігінің құрылымы қайта құрылды
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымын қайта құру туралы Жарлыққа қол қойды
Осы құжатқа сәйкес Президент Әкімшілігінің жаңартылған құрылымына келесі лауазым иелері кіреді: Президент Әкімшілігінің Басшысы; Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы; Президент Кеңсесінің Бастығы; Президенттің көмекшілері; Президенттің кеңесшілері; Президент Әкімшілігінің бөлімдері.
Жарлыққа сәйкес:
- ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері бойынша;
- экономикалық мәселелер бойынша;
- халықаралық мәселелер бойынша;
- құқықтық мәселелер бойынша;
- ғылым және инновация мәселелері бойынша Президенттің көмекшілері лауазымдары енгізіледі.
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарлары лауазымдары жойылады. Сондай-ақ, Президент Әкімшілігінің төрт бөлімі қысқарды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде басқару құрылымының өзгеруіне байланысты: Тимур Мұратұлы Сүлейменов ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары лауазымынан; Ержан Нұрланұлы Жиенбаев ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымынан; Аида Ғалымқызы Балаева ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымынан; Ержан Хозеұлы Қазыхан ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары - ҚР Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі лауазымынан; Ернар Жеңісұлы Баспаев ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымынан; Руслан Сұлтанұлы Желдібай ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары - Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымынан; Әсет Өрентайұлы Исекешев ҚР Президентінің көмекшісі лауазымынан; Қанатбек Бақытұлы Жайсаңбаев ҚР Президентінің көмекшісі - ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды.
Сондай-ақ, Әлтайыр Амангелдіұлы Ахметов ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі лауазымынан; Ерлан Ысқақұлы Байтұқбаев ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының меңгерушісі лауазымынан; Азамат Нұрланұлы Дүйсембеков ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі лауазымынан; Рақымжан Серікбайұлы Ерназар ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды.