Қазақстанның 2,5 мыңнан астам депутаты алғаш рет бір алаңда бас қосты
AMANAT партиясы мәслихат депутаттары мен Үкімет мүшелері арасында тікелей диалог орнатты
AMANAT партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы аясында делегаттар үшін панельдік оқыту сессиялары өтті.
Қазақстан тарихында тұңғыш рет барлық деңгейдегі мәслихаттың 2,5 мыңнан астам депутаты бас қосып, жалпы міндеттер мен алдағы жұмыс бағыттарын талқылап қана қоймай, бейінді министрге, орталық мемлекеттік органның басшысына өздерін қызықтыратын кез келген сұрақты тікелей қоюға мүмкіндік алды.
AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, әдетте мәслихат депутаттары Премьер-министрмен немесе басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесе алмайтындығын жиі айтатын. Алайда нақ осы форумда оларға сондай мүмкіндік жасалды.
AMANAT партиясының да жаңаруы осылай басталады. Мәслихат депутаттары Үкіметке өз өңірлеріндегі ең өзекті және өткір мәселелерді тікелей жеткізе алды. Партия өз тарапынан, біріншіден, өкілді және атқарушы билік арасындағы байланыстырушы рөлін атқарса, екіншіден, Президент пен партияның сайлауалды уәделерінің толық көлемде орындалуын бақылауды күшейтеді. Бұл істе партиядан сайланған мәслихат депутаттары маңызды рөл атқарады. Біз халық алдындағы жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз. Өңірлердегі халық қалаулылары жүйелі және қажырлы еңбек етуі керек. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың сенімі мен үмітін ақтау, – деді ол.