Шығысқазақстандық оқушы Балқан олимпиадасынан жүлделі оралды
Қазақстандық оқушылар математикадан халықаралық жасөспірімдер балқан олимпиадасында 6 медаль жеңіп алды
Албания астанасында математикадан 27-ші Халықаралық жасөспірімдер Балқан олимпиадасы (JBMO) аяқталды. Оған Балқан түбегінің 20 ел және қонақ елдерден 130-ға жуық оқушы қатысты, деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Халықаралық математикалық жарыста Қазақстан құрама командасы 6 медаль жеңіп алып, 100% нәтиже көрсетті. Жеңімпаздар арасында Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған "Білім-Инновация" мамандандырылған лицей-интернатының 9 сынып оқушысы Әлинұр Маратұлы да бар. Ол қола жүлде еншілеген.
Қатысушылар математикалық олимпиадалардың ережелеріне сәйкес құрастырылған авторлық тапсырмалар орындады. Оларды шешу үшін міндетті түрде ерекше тәсіл қажет. JBMO-ға қатысу – барлық қатысушылар үшін өте қысқа уақытта мәселелерді шешуде өз қабілетін тексеруге жақсы мүмкіндік, - дейді топ жетекшісі Владимир Жук.
Естеріңізге сала кетейік, олимпиадаға 19 жыл ішінде 114 қазақстандық оқушы қатысып, 15 алтын, 47 күміс, 37 қола медаль жеңіп алды.