Құрбан айт: qurban2023.kz сайты іске қосылды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы qurban2023.kz сайтын іске қосты
Бұл сайт құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі muftyat.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл Құрбан айттың бірінші күні 28 маусымда басталып, 30 маусымда (үшінші күні) аяқталады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт мерекесіне қатысты іс-шараларды пысықтау үшін арнайы жиналыс өткізді.
Құрбан айт – исі мұсылманның ұлық мейрамы. Бұл мейрамды жоғары деңгейде атап өту үшін ҚМДБ жанынан құрылған жұмыс тобы бекітілген жоспарды асқан жауапкершілікпен тиянақты түрде жүзеге асыруы тиіс. Осы бағытта әр бөлім қызметкері өзіне жүктелген жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыруы қажет, - деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.
Мүфтият барша қазақ елін "Құрбан-2023" қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырды. Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болуы үшін биыл құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады.
Онлайн түрде құрбан шаламын деушілер qurban2023.kz сайты арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Бұдан кейін төлем барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен уацап нөмірге жіберіледі.