Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум болмайды
Биыл АЭС орналасатын жерді таңдау мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылатыны хабарланған болатын
Сенат отырысында ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі референдумға шығарылмайтынын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл мәселе референдумға шығарылмайды. Алаңның орналасатын жері туралы мәселе бар, бұл біріншіден. Екінші мәселе, ең маңыздысы - технология және қаржылық-экономикалық модель, - деді вице-министр Сенат отырысында.
Министрдің айтуынша, құрылыстың мерзімі, сондай-ақ болашақ станцияның ресми орны әлі анықталмаған. Осыған қарамастан Қазақстанға шет елдерден әлеуетті мердігерлерден ұсыныстар түсуі жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін 2023 жылы АЭС орналасатын жерді таңдау мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылатыны хабарланған болатын.