Кәсіпкерлерге кесел тимес үшін вейпке тыйым салынбай тұр ма?
Еліміздегі оқушылардың 10% электронды темекі немесе вейп тартып жүр
Ұлттық экономика министрлігі вейпке неге тыйым салынбай отырғанын мәлімделі.
Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер министрге вейпке қатысты сұрақ қойды. Ал министр Әлібек Қуантыров вейпке тыйым салу Реттеушілік әсерді талдау қағидатына сәйкес келмей отырғанын айтады.
Әдеттегідей халық Экономика министрлігін кінәлап жатыр. Реттеушілік әсерді талдау деген бар. Бұл ретте, бизнестің мүддесіне нұқсан келтірмеу үшін тиісті заңнамалық реттеу тәртібі (жаңа заң жобасы, ережелер) осы процестен өтуі керек. Тиісті заң жобасын әзірлейтін әрбір уәкілетті орган Реттеушілік әсерді талдау процесінен өтуі керек. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі оны жарты жылдан бері өткізе алмай отыр. Біз оны қайта пысықтау үшін бірнеше рет қайтардық. Өйткені олар мұны аталған талдау процесі ережелеріне сәйкес жасамаған, - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті де ойлауымыз керек. Аталған министрлік бәрін дұрыс жасағанда, біз тиісті қадамды жасауға дайынбыз. Өз басым вейптерге тыйым салуды қолдаймын, - деді Әлібек Қуантыров.
Жақында Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник елімізде оқушылардың 10% электронды темекі немесе вейп тартып жүргенін айтты.