Шетелдіктен 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісі жауапқа тартылды
Жүргізуші туристерге қомақты сома бермесе жүктерін қайтармаймын деп сес көрсеткен
Жүргізушіге 800 АҚШ долларын беруге мәжбүр болған шетелдіктер бірден полицияға шағымданған, деп жазды POLISIA.KZ сайты.
21 мамыр күні Алматы халықаралық әуежайы маңында жеке такси қызметін ұсынатын ер адам өз көлігіне Үнді елінен келген туристерді отырғызып, қонақ үйге дейін мың теңгеге апарып тастаймын деген. Межелі жерге жеткенде ол туристерден 1 180 АҚШ долларын сұраған, бермеген жағдайда сөмкелерді қайтармаймын деп қоқан-лоқы көрсеткен. Сөйтіп шетелдіктер жүргізушіге 800 АҚШ долларын беруге мәжбүр болған.
Үнді азаматтары бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына шағым түсірді. Полицейлер 27 жастағы жігітті ұстады. Оған қатысты ҚР ҚК-ның 194-бабы (Бопсалау) бойынша қылмыстық іс тіркелді, - делінген ақпаратта. - Өз кінәсін толық мойындаған ол шетел азаматтарына келтірілген шығынды өтеп берді.
Такси жүргізушісінің көлігі жол жүру ережелерін бұзғаны үшін және төленбеген айыппұлына байланысты арнайы тұраққа қойылды.