"Ұмай" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау қайта басталады
Қыз-келіншектерге баспана алуға арналған тиімді ипотекалық бағдарламаға өтінім қабылдау қайта басталады
![Новости Казахстана / "Ұмай" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау қайта басталады Новости Казахстана / "Ұмай" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау қайта басталады](/upload/iblock/d6e/kufexqz3fj2bk5cxwirq0yh4t671i3l4/imgonline_com_ua_Resize_4OqquPVrNPV5t1R.jpg)
"Отбасы" банкі өтінімдерді 10 мамырдан бастап қабылдайды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Биыл гендерлік бағдарламаны несиелендіруге 15,6 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаражатты "Азия даму банкі" үшінші транш аясында бөліп отыр.
Сондай-ақ, бағдарламаға биыл айлық табысы 200 мың теңгеден аспайтын қыз-келіншектер де қатыса алады.
Егер олар төлем қабілеттілігін растаса, ең төменгі 15% бастапқы жарнамен несие алады. Біз оларға бөлінген қаражат аясында жалпы несиелендірудің 20%-ға жуығын бөлуді жоспарлап отырмыз, - деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
"Ұмай" әйелдер ипотекасының шарттары:
- Бастапқы жарна: Айлық табысыңыз 550 000 теңгеден аспаса - 15%; Егер сіздің табысыңыз 550 000 теңгеден 640 000 теңгеге дейін болса, бастапқы жарна тұрғын үй құнының 20%-ын құрайды.
- Бағдарлама бойынша сатып алынатын тұрғын үйдің максималды құны 30 млн теңгеге тең;
- Несие бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме 14,4% (СЖТМ 15,4% - дан бастап), және алдағы уақытта 3,5% - 5%-ға (СЖТМ 3,6% - дан) дейін төмендейді;
- Несие мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін;
- Баспананы алғашқы және қайталама нарықтан таңдауға болады;
- Пәтерді жөндеуге берілетін несие көлемі - 3,7 млн теңгеге дейін.
Бұл бағдарламаны іске асыруға "АДБ" бас-аяғы 38 млрд теңге көлемінде қаражат бөліп отыр. 2021 жылы "Ұмай" бағдарламасы басталған кезде, бірінші транш аясында, жалпы көлемі 8,4 млрд теңгеге 954 қазақстандық қыз-келіншек қарыз алған болатын. 2022 жылы 14 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1 119 қыз-келіншек баспаналы болды.