"Бесік жыры" анимациялық фильмі Испаниядағы кинофестивальде топ жарды
"Бесік жыры" қысқаметражды анимациялық фильмі Мадридте өткен беделді кинофестивальде 1500 үміткердің ішінде ең үздігі ретінде танылды
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққан "Бесік жыры" қысқаметражды анимациялық фильмі "Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм" жүлдесін жеңіп алды. Мадрид киножүлдесі MADFA (MFA) IMDb ресми конкурсына кіреді. Фестиваль жыл сайын өз алаңында әлемнің ең үздік туындылары мен талантты режиссерлердің басын қосады. 20-шы халықаралық байқауға 1500 анимациялық жұмыс ұсынылыпты.
Қазақстандық анимациялық фильмнің беделді халықаралық байқаудың бас жүлдесін иеленгені – отандық анимация саласының оң бағытта дамып келе жатқанының көрсеткіші деп санауға болады, - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Мәдениет және спорт министрлігі 2030 жылға дейін жалпы прокаттағы қазақстандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Ол үшін жыл сайын кемінде 10 анимациялық жоба жасалатын болады. Өткен жылы елімізде алғаш рет "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі құрылды. Аталған ұйым отандық анимация мамандарының шеберлігін шыңдап, анимациялық жобаларды шығаруға қолдау көрсетеді, - деді Асхат Оралов.