Премьер-Министр: "Елімізде 600 мыңнан астам адам ауызсуға мұқтаж"
Үкімет алдындағы тапсырма - 2025 жылдың соңына дейін қазақстандықтарды 100% таза ауызсумен қамтамасыз ету
Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осындай дерек келтірді, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсу мәселесін шешуді талап етеді. Біздің алдымызда 2025 жылдың соңына дейін халықтың 100% таза ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазір бұл көрсеткіш қалаларда - 98%, ауылдық елді мекендерде 94% құрап отыр, - деді Әлихан Смайылов.
Аса маңызды жұмыстардың бірі – елдегі су ресурстарының тапшылығын шешу.
Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте атап өткендей, Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін.
Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсу мәселесін шешуді талап етеді, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов өзге өңірлерді қойып, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастағанын еске салды.
Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды мәселе болып отыр. Өкінішке қарай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл мәселені шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет. Осы мәселенің бәрін жаңа Су кодексі мен бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде ескеру қажет, - деді Әлихан Смайылов.