Азамат Дәулетбеков: "Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанғым келеді"
Астана қаласында 9-14 сәуір аралығында еркін күрестен өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Азамат Дәулетбеков алтыннан алқа тақты
Бүгін үйіне оралған екі дүркін Азия чемпионын өскемендіктер әуежайдан күтіп алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Астана қаласында өткен құрлықтық дода финалында қазақстандық балуан 86 келі салмақта ирандық Ади Реза Каримимен кездесті. Алғашқыда қарсыласы бір ұпаймен алда тұрған еді. Одан кейін Азамат қатарынан 4 ұпай еншіледі. Нәтижесінде ол қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, Азия чемпионы атанды.
Азамат Нұрбекұлы қарсыластың мықты болғанын жасырмайды.
Азия чемпионаты болғандықтан барлығы тыңғылықты дайындықпен келеді ғой. Қарсыласымның да дайындығы мықты болды деп айта аламын. Мен де жақсы дайындалдым, барымды салдым, - дейді спортшы. - Чемпионат мен үшін сәтті болды, екі дүркін чемпион атандым. Жалпы бұл жеңіс жалғыз менің жеңісім емес, командалық жұмыстың нәтижесі. Маған қолдау білдірген жандарға, бапкерлерге алғыс айтамын.
Сондай-ақ, жас чемпион болашаққа деген мақсат-арманымен бөлісті.
Бүкіл спортшының мақсаты – олмпиада ойындары. Қазақстан тарихында еркін күрестен әлі әлем чемпионы шықпаған. Арманым – осы спорт түрінен қазақтың алғашқы әлем чемпионы атану. Олимпиадаға қатысып, елімізді олимпиада медалімен қуанту, - дейді Азамат Дәулетбеков.