Қазақстандағы ауасы лас 8 қаланың бірі - Өскемен
Экологиялық мониторинг нәтижесі бойынша 8 қалада атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейге жатқызылған
Олар – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен қалалары, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ол сонымен қоса экологиялық жағдайы алаңдатып отырған 8 қалаға қатысты қабылданатын шаралар туралы айтып берді.
Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев экологиялық жағдайы алаңдатып отырған 8 қалаға қатысты қабылданатын шаралар туралы айтып берді. Сондай-ақ, Өскеменнің ауасын ластайтын негізгі кәсіпорындарды атады.
Өскемен қаласы бойынша 2022 жылы атмосфералық ауаға шығарындылардың жалпы көлемі 44 мың тонна болды. Негізгі үлес Өскемен металлургия кешеніне, Титан-магний комбинатына, 42 мың тонна нақты шығарындылары бар Өскемен жылу-электр орталығына тиесілі, - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сондай-ақ, ол осы өңірге арнап жасалған жол картасындағы 34 іс-шараны іске асыру арқылы эмиссияларды 20-дан 30%-ға дейін қысқартуға болатынын айтады.
"Казцинк" ЖШС-не тиесілі Өскемен металлургиялық кешенінде күкірт диоксиді шығарындыларын 2,2 мың тоннаға төмендету үшін газ тазартатын 4 қосымша қондырғы салу көзделген. Қаладағы жылу қазандықтарының жабдықтарын, инженерлік желілерді, шаруашылық және нөсер ағындарын тазарту құрылыстарын салып, қолданыстағыларды реконструкциялау және жөндеу жоспарланған. Жеке сектор үйлерін орталық жылумен жабдықтау жүйесіне қосу көзделіп отыр, - деді Айдар Абдуалиев.