Қазақстанда бензин мен дизель бағасы қымбаттайды
АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін өседі
Бұл туралы ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазіргі төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз. Екіншіден, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешқандай шектеулер нәтиже бермейтіні анық. Үшіншіден, жанармай бағасындағы диспропорция көлеңкелі нарықты нығайтып, ұлттық экономикаға, мүддеге кері әсерін тигізеді. Төртіншіден, жанармай бойынша төмен бағаны сақтау мұнай-газ саласына инвестиция тарту, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр, - деді Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы баға бойынша айырмашылығын азайту қажет.
Бұл қиын, бірақ қажет шешімге бару керекпіз, оны мойындау керек, яғни бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру қажет. Осы тұрғыда АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге баға литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін жеткізілмек (өңірге байланысты), өсім – 11%. Дизель отынының бағасы литріне 295 теңгені құрайды, орташа есеппен өсім – 20%. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін болып тұр. Осындай бұйрықтың жобасы бүгін жарияланатын болады, - деді Болат Ақшолақов.
Сондай-ақ, министрдің міндетін атқарушы баға бойынша айырмашылық мәселесін қазір қолға алмаса, алдағы уақытта елеулі тапшылық болуы мүмкін екенін атап өтті.