ШҚО-да күнбағыс майының бағасы төмендеген
Жалпы ел бойынша соңғы үш аптада 6 түрлі өнімнің бағасы төмендегені байқалады
ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдегендей, қарақұмық жармасы, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат және қантқа баға біршама арзандаған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Осы аптада қарақұмық жармасының бағасы – 1,3%-ға, қант – 0,8%-ға, пияз – 0,3%-ға және картоп – 0,7%-ға төмендеді. Сондай-ақ жалпы үш өңірде, яғни Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында күнбағыс майының бағасы 1,1%-ға төмендеді, - деп атап өтті ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков.
Сонымен қатар, майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығының мәліметтері бойынша 2022 жылдың қазан-қараша айларымен салыстырғанда күнбағыс күнжарасының бағасы 30%-ға, ал күнбағыс майының бағасы өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 19%-ға дейін төмендеген. Қазір отандық май зауыттарында өндірілетін тазартылған күнбағыс майының сату бағасы литріне 630-680 теңге аралығында.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек өңірлердегі қалыптасқан қорлардан көкөністерді брондаудан шығару нәтижелері мен қорлардың көлемі жайлы мәлімдеді. Сәуір айының соңына дейін 29,9 мың тонна картопқа қажеттілік туса, 18 өңірде бұл көкөніс түрімен қамтамасыз ету көлемі 90%-дан жоғары, қалған екі өңірде – 69%-ды құрады. Сәбізге сұраныс биылғы сәуір айының соңына дейін – 6,8 мың тонна болса, Қарағанды облысын (69%) қоспағанда, қормен қамтамасыз ету 100%-дан жоғары. Екі облыс (Жамбыл және Қызылорда) қырыққабатпен 50%-дан төмен, ал қалған барлық өңір одан жоғары деңгейде қамтамасыз етілді. Барлық облыстардағы пияз қоры 50%-дан асады.
Біз тауарлық интервенциялар жұмысының нәтижесін көріп отырмыз және бұл жұмысты ерте шығатын көкөніс түрлері келіп түскенше жалғастыруымыз керек. Сонымен қатар азық-түлік тауарларын форвардтық сатып алуды қаржыландыруды 70%-ға дейін ұлғайта отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын қайта қарап, айналым схемалары бойынша 30%-ға дейін төмендету қажет. Осылайша, форвардтық сатып алулардың арқасында бізде нарықтағы бағаның тұрақтануына әсер етуге мүмкіндік беретін өнім қорының кепілдендірілген көлемі болады, — деді Серік Жұманғарин.