18 мыңнан астам адам банкроттыққа арыз берген
Енді мемлекеттік кірістер органдары 15 жұмыс күн ішінде азаматтың келесі шарттарға сәйкес келуін тексереді
Азаматтардан банкроттық рәсімдерді қолдану туралы арыздар 3 наурызда басталған болатын.
Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде 18 мыңнан астам арыз келіп түсті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, арыздар негізінен е-Gov (94%) және e-Salyq Azamat (6%) мобильдік қосымшасы арқылы түсуде.
"Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Заңының талаптарына сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары 15 жұмыс күн ішінде азаматтың келесі шарттарға сәйкес келуін тексереді:
- борыш банк, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктер алдында 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы;
- борыштың өтелмеу мерзімі он екі айдан асуы;
- некеде бірге алынған мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы (көлік, үй, жер тілімі, банктегі депозит және т.б.);
- банкпен, МҚҰ борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізілуі.
Тексеріс автоматтандырылған нысанда тіркеуші мемлекеттік органдардың, банктердің және кредиттік бюролардың электрондық деректері базасымен салыстыру арқылы жүзеге асырылады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жекелеген азаматтардың банкроттықты қолдана алмайтындығы келесі себептермен анықталды:
- 12 ай ішінде қарыз ішінара өтелгені;
- борышкердің немесе зайыбының мүлкі болуы;
- банкпен не МҚҰ реттеу рәсімін жүргізуі туралы құжаттың болмауы;
- дара кәсіпкер ретінде тіркелгендігі;
- атаулы әлеуметтік көмекті 6 айда аз мерзімде алуы.
Ол азаматтардың телефонына 1414 қызметі арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама жіберіледі.
Егер мұндай хабарлама алынған болса, соттан тыс банкроттыққа қойылған өлшемдерге сәйкес келсе 3 айдан кейін қайта өтінішпен жүгінуге болады.
Бас тарту себептерін жою үшін тиісті уәкілетті органга жүгіну қажет:
- мүліктің болуы, заңды тұлғаларда қатысуы туралы – әділет органдарына (ХҚКО, "электрондық үкімет" порталы арқылы);
- жер тілімі, ауылшаруашылығы жануарлары және арнайы техника бойынша – Ауыл шаруашылығы басқармасы (жергілікті әкімшілікке);
- автокөлік құралдары бойынша – Ішкі істер басқармасына, Мамандандырылған ХҚКО;
- дара кәсіптің болуы бойынша – Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына;
- кредит сомасы, қайтару мерзімдері бойынша – тиісті банкке, МҚҰ-ға немесе коллекторлық агенттіктерге. Егер банк не МҚҰ немесе коллекторлық агенттіктері тиісті құжат бермесе аймақтық Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бөліміне жүгінуге болады.
Егер борышкерге мүлкінің болуына байланысты соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартылған жағдайда, ол тұрғылықты жері бойынша аудандық сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану үшін жүгінуге құқылы (Заңның 6, 20-22 баптары).