Бүгін елдегі 6 өңірде 23 автожол учаскесі жабық
Оған елдегі ауа райының нашарлауы себеп
Бұл жолдарда патрульдеу жұмыстары күшейтілді, ҚазАвтоЖол бөлімшелері тәулік бойы жұмыс істеуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
24 ақпан күні сағат 13.30-да жаңартылған ақпаратқа сәйкес 6 өңірде ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың 23 учаскесі әлі де жабық тұр. Жол қозғалысы шектелген тасжол учаскелерінің жалпы ұзындығы 2 450 шақырымды құрайды. Бұл республикалық маңызы бар автожолдар желісінің 10%-ы, - делінген хабарламада.
Осыған байланысты Ұлттық оператор ауа райының қолайсыздығы туралы хабарламаларды назардан тыс қалдырмауға шақырады. Жолға шықпас бұрын ауа райы болжамын нақтылау қажет. Жабық күре жол учаскелеріне шығуға тыйым салынғанын ескерген абзал.
Республикалық маңызы бар автожолдардың жабылуы туралы ақпаратты ҚазАвтоЖолдың бірыңғай тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 колл-орталығына қоңырау шалу арқылы білуге болады.
Бұдан басқа, республикалық маңызы бар автожолдардың Ұлттық операторының ресми сайтында сілтемесі арқылы ситуациялық карта қолжетімді, - делінген үндеуде.