ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағының апатына қатысты тергеу басталды
Кеше БҚО-да "Атырау-Орал-Атырау" бағыты бойынша ұшқан ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы апаттық жағдайда қонуға мәжбүр болған
Салдарынан төрт қызметкер қаза тапты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР ТЖМ-ға сілтеме жасап.
23 ақпанда сағат 15.38-де Орал қаласынан 54 шақырым жерде, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Чапурино кентінің ашық аумағында "Атырау-Орал-Атырау"бағыты бойынша ұшқан ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы қонуға мәжбүрлі болғаны туралы ақпарат келіп түсті, - делінген хабарламада. - Қатты екпінмен қону нәтижесінде ТЖМ Қазавиақұтқару төрт қызметкері қаза тапты. Бортта 6 адам - 5 экипаж мүшесі және "ҚазТрансОйл" АҚ-ның 1 өкілі болды.
Ал ҚР ІІМ осы факті Көліктегі ПД-ның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігі, яғни абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әуе көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу бойынша тіркелгенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта ҚР Бас көлік прокуратурасының қадағалауымен осы іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
2021 жылы шығарылған Ми-8 тікұшағының әуеде ұшуы – 250 сағат. 2023 жылғы 17 қаңтарда Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов айтты.
Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасына "Қазавиақұтқару" АҚ жан-жақты көмек көрсетеді. Қызметкерлердің отбасындағы балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін қаза тапқан қызметкердің жалақысы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы төленеді.
Айта кетейік, 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысында апатты жағдайда қонған тікұшақта болған 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті.