Абай облысында 11 мектеп бой көтермек
Облыста "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 5700 орынға арналған 11 мектеп салынады
Бұл бағытта республикалық бюджеттен 42 млрд теңге қарастырылғаны туралы Абай облысы бойынша білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
2023 жылы қаңтар айында Үкіметте Абай облысын дамытудың кешенді жоспары мақұлданды. Кешенді жоспардағы 14 іс-шара облыстағы білім беру саласын дамытуға арналып отыр. 14 іс-шараны жүзеге асыруға 53,5 млдр теңге бөлінеді, - деді Нұржан Ахметқалиев.
Атап айтқанда, Ақсуат, Жарма (2), Бесқарағай, Үржар ауылдарында шағын жинақты мектептер – жиыны 6 шағын жинақты мектеп салынады. Сонымен қатар, мектептерге қосалқы 6 ғимарат бой көтереді. Оның екеуі Семей қаласында (#4 және #30 мектеп), төртеуі Аягөз қаласында орналасады.
Қосымша білім беруге көп көңіл бөлудеміз. Кешенді жоспарға сәйкес, сол жағалауда құны 8,5 млдр. теңге болатын Оқушылар сарайы бой көтереді. Абай елінің тарихымен танысуға еліміздің түкпір-түкпірінен келетін оқушыларды орналастыру мақсатында Абай ауданындағы арнайы мамандандырылған мектеп-гимназиясына интернат салу, Абай, Көкпекті, Ақсуат аудандарында жазғы сауықтыру лагерьлерін, сондай-ақ облыста 9 балабақша ашу жоспарлануда. Ауылды елді мекендерде орналасқан 50 мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа модификациялық кабинеттер ашу көзделуде. 2023 жылы ауылдық елді мекендердегі білім ошақтары 36, қалалардағы мектептер 50 жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталады,- деді Нұржан Ахметқалиев.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні Абай облысында оқушылар тасымалы үшін 105 автобус қолданылады. Оның 27-сін жаңарту көзделуде. Биылғы жылы 11 автобус сатып алуға қаражат бөлінген.
Биыл Абай облысы білім басқармасына 133 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның 70% білім беру қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады. Биыл қаңтар айынан бастап елімізде педагогтердің жалақысы 25% артты, - деді басқарма басшысы.
Абай облысында 5000-ға жуық бала инклюзивті білім беруді қажет етеді.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер туғызу – біздің негізгі міндетіміз. Биылғы жылы облыстағы 45 білім беру мекемесін инклюзивті білім беруге бейімдедік. Облыстық ПМПК орталығын, аутизм орталығын, Абай ауданында психологиялық қолдау кабинетін ашуға қажетті қаражат бөлінді. Қазір мекемелердің құрылтайшы құжаттары рәсімделуде, - деді Нұржан Ахметқалиев.
Облыста ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жылдан жылға азайып, балалар үйлері жабылуда.
2013 жылы Абай ауданында 283 бала қараусыз қалған болса, биыл олардың саны – 174. Балалар үйлерінің саны азайып келеді. Сонымен қатар биыл патронаттық отбасыларға төленетін төлемдер өседі. Облысымзда «Қонақ отбасы» жобасы да жүзеге асуда. Жоба аясында отбасылар балалар үйінде тәрбиеленетін оқушыларды жазғы демалыста өздеріне алады. Мұндай балалар туралы мәліметтер жинақталған республикалық деректер базасы бар және баланы отбасына алғысы келетіндердің қатары көбейіп келеді, - деп атап өтті Нұржан Ахметқалиев.