Фермерлер енді субсидияны арнайы сайт арқылы рәсімдей алады
Бұл бірыңғай ақпараттық жүйеде шаруаларға ешқандай қосымша анықтама ұсынудың қажеті жоқ
Қазақстанда АӨК субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі толық іске қосылды, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйеніп.
СБМАЖ субсидияға өтінімдерді ресімдеу кезінде фермерлер үшін балама ретінде әзірленді.
Өтінімді беру, субсидияны өңдеу және алу gosagro.kz порталында жүзеге асырылады. Жүйе толық автоматтандырылған және ақысыз негізде қызмет көрсетеді. СБМАЖ арқасында фермерлердің субсидияны алғанда қосымша анықтамалар ұсынып, оны растаудың керегі болмайды. Өйткені портал басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, соның ішінде жер учаскелері, ауыл шаруашылығы жануарлары, техника және арнайы көлік жөніндегі деректермен, кооператив мүшелері туралы мәліметтермен, сондай-ақ "алқаптар картасымен" біріктірілген, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, инвестициялық субсидиялар бөлігінде құрылыста мемлекеттік сараптама жүргізу туралы деректерді алу үшін "E-ЖСҚ" ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмыстары басталды.
Субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі бюджеттің болуына қарамастан өтінімге реттік нөмір беріп, "күту парағы" қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бюджет фермердің тарапынан қосымша әрекетсіз "күту парағында" өтінімдердің кезектілігі бойынша ғана бөлінеді. Бұл тәсіл қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді және субсидияларды төлеу кезінде адами факторды болдырмайды. "Күту парағына" келіп түскен өтінім мақұлданған болып есептеледі және қаржының бөлінуін күтеді, - делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы министрлігі порталды пайдаланушыларға ыңғайлы қызмет көрсету үшін бар күшін салады. Барлық туындаған қате мен ұсыныстар қысқа мерзімде пысықталады.
Сұрақтар бойынша +7(7172)67-71-17 нөміріне немесе gosagro@minagri.gov.kz электронды поштасына, //t.me/gosagrokz арнасына хабарласуға болады.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде субсидияның 10 түрі жойылатыны хабарланған еді.