Риддерде жылу тарифі қаншалықты көтеріледі?
Жылу жүйесі тозған Екібастұз бен Риддер қалаларында коммуналдық тарифті мейлінше баяу өсірмек
Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Былтырғы коммуналдық коллапстан кейін тариф бойынша түсінікті сандар пайда болды ма? Екібастұз, Риддер сияқты қалалар қандай тарифпен төлем жасай бастайды?" деп сұрады БАҚ өкілдері.
Министрдің айтуынша, тариф саясаты әр кәсіпорынның жеке жағдайына байланысты белгіленбек.
Мен бұл туралы бірнеше рет айттым, иә белгілі бір өсім болды. Бұл нақты табиғи монополия субьектісіне байланысты болады. Яғни, халыққа қызмет көрсететін, қуат көзін ұсынатын немесе қуат көзін алатын ұйымға байланысты. Желілердің тозу көрсеткішіне де байланысты болады. Мысалы, Екібастұз жылу электр орталығы өтінім берді. Олар тарифті бір мезетте 107 пайыз көтеруді сұрады. Біз ондай қадамға бара алмаймыз, оны өздеріне ашып айттық. Өсім бұдан 4 есе кем болатын шығар. Олармен бірге шамамен осылай жұмыс істеп жатырмыз. Біріншіден, Екібастұз жылу электр орталығының иесі де жауапкершілікті арқалауы керек – инвестиция салуға тиіс. Шығынның бір бөлігі бюджетке, бір бөлігі тұрғындарға түседі. Әділетті тәсіл болуы керек. Сонда өсім баяу жүреді, - деді ол.
Министр жылу жүйесіндегі проблемасы қайта-қайта сыр беріп жатқан Екібастұз бен Риддердің жағдайына жеке тоқталды.
Екібастұзда жүйе мүлдем тозып біткен. Ең үлкен өсім сол жақта жоспарланған. Екі еседен жоғары болады. Бірақ біз оны басқа механизмдер арқылы тежеуді жоспарлап отырмыз. Екібастұз бен Риддерде өсімді баяу жүргізгіміз келеді. Мысалы, жылудың жаңа тарифі бұл қалалалардың тұрғындарына наурыз айында сезіледі. Сәуірде наурыз айының түбіртегі келеді. Ол кезде күн жылына бастаған соң жылу аз тұтынылады. Сәйкесінше тарифтің өскенін наурыз айы мен сәуірдің жартысында ғана сезінеді. Одан кейін өсімді келер қыста бір-ақ сезінуі керек. Жылуға төленетін бірінші түбіртек қараша айында келеді. Тарифтің өсімін тұрғындар сәуірде сезінеді сонда, - деді Әлібек Қуантыров.