"Талдықорған-Қалбатау-Өскемен" жолының құрылысы қашан бітеді?
Талдықорған-Қалбатау-Өскемен бағыты келер жылы, ал Қалбатау-Майқапшағай жолы 2024 жылы аяқталуы керек
Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді осылай жауап берген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
"Талдықорған-Қалбатау-Өскемен" және "Қалбатау-Майқапшағай" жолдарының құрылысы кезінде аванстық қаражатты мақсатсыз пайдалану фактісі анықталды, - делінген Мұхтар Тілеубердінің жауабында
Негізі "Талдықорған-Қалбатау-Өскемен" және "Қалбатау-Майқапшағай" автожолдарының құрылысын 2022 жылы аяқтау жоспарланған.
Мердігерлік ұйымдар жол-құрылыс материалдары құнының қымбаттауына сілтеме жасай отырып, жұмыс құнын түзету өтінішімен жүгінді, - деді Мұхтар Тілеуберді. - Осы жобаларды іске асыру бойынша келісімшарттар "толық дайын" шарттармен жасалғанын ескере отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес құрылыс материалдарының қымбаттау тәуекелдеріне мердігерлік ұйымдар жауапты болады. Осыған байланысты, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жобаларға түзетулер енгізу мүмкін емес. Бұл ретте жүргізілген аудиторлық тексерулер барысында аванстық қаражатты мақсатсыз пайдалану, жұмыстарды жүргізу кестесінен артта қалу, сондай-ақ жұмыстардың барлық көлемін жоғары бас мердігерлік комиссияларды ұстай отырып, қосалқы мердігерлік ұйымдарға беру фактілері анықталды.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта мердігерлік ұйымдармен жобаларға түзету енгізбей, көзделген құн аясында жұмыстарды орындау туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Келіссөздер қорытындысы бойынша оң нәтиже болмаған жағдайда, мердігерлік ұйымдармен шарттарды бұзу жоспарлануда. Сондай-ақ, жоғарыда аталған жобаларды аяқтау мақсатында қазір жұмылдырылған қосалқы мердігерлік ұйымдармен жұмыстарды жалғастыруға арналған шарттарға қол қою шартымен өзге қаржы институттарынан қарыздар тартудың нұсқалары қаралуда. Бұл техника мен персоналды жұмылдыру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескере отырып, 2023 жылы "Талдықорған-Қалбатау-Өскемен" жобасын, ал 2024 жылы "Қалбатау-Майқапшағай" жобасын іске асыруды аяқтау болжанады, - деді ол.