Биыл балалар Евровидениесінде ҚР намысын кім қорғайды?
JUNIOR EUROVISION SONG CONTEST 2022 халықаралық ән байқауы Армения астанасы Ереван қаласында өтеді
Қазақстанның атынан Дэвид Чарлин өнер көрсетеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
11 желтоқсанда Армения астанасы Ереван қаласында JUNIOR EUROVISION SONG CONTEST 2022 халықаралық ән байқауы өтеді. Биыл бұл өнер бәйгесінде Қазақстан намысын Baqytty Bala-2022 IV халықаралық байқауының финалисі Давид Чарлин қорғайды. Көрермендер байқаудың Гранд-финалын 11 желтоқсан күні сағат 21.00-де "Хабар" телеарнасынан тамашалай алады.
Давид Чарлин бұл жобаға арнайы жазылған "Жер-Ана" атты жаңа композицияны орындайды.
Қазақстан осынау әлемдік ән додасына осымен бесінші мәрте қатысады. Бұл жолы елімізден басқа еуропалық 15 мемлекеттің жас әншілері бақ сынайды.
Ескеретін бір жайт, нәтижесі Ұлттық жюридің бағалауы және орталықтандырылған ғаламдық онлайн-дауыс беру қорытындысы бойынша шығарылады. Өнерпаздарымыз Ұлттық жюриден ең жоғарғы баға алғанымен онлайн-дауыс берудегі белсенділіктің төмендігінен бас жүлдені иелене алмай қалып жүр. Мәселен, 2019-2020 жылдары Ержан Максим мен Қарақат Башанованың елімізге жеңіс сыйлауына онлайн түрде берілетін санаулы ғана дауыс жетпей қалған болатын. Сондықтан ұйымдастырушылар отандық өнерпазымызға онлайн-дауыс беруде белсенді болуға шақырады.
Давид Чарлинге дауыс беру үшін:
- https://junioreurovision.tv/ немесе https://jesc.tv/ сілтемелері арқылы сайтқа кіру;
- тізімнен Давид Чарлинді таңдау;
- "Дауыс беру" батырмасын басу.
Дауыс берудің алғашқы кезеңі Астана уақыты бойынша 10 желтоқсан күні сағат 01.00-ден басталып, 11 желтоқсан күні сағат 20.59-да аяқталады. Маңызды ақпарат - дауыс берудің екінші кезеңі Гранд-финалдың барлық қатысушылардың қойылымдарынан кейін небәрі 15 минутқа ғана жетімді болады.⠀⠀⠀⠀⠀
Еске салсақ, 2018 жылы бұл байқауға Қазақстан атынан алғаш болып жас әнші Данелия Тулешова қатысып, 6-орынды иемденген болатын. 2019 жылы жалпы дауыс беру нәтижесінде Ержан Максим 2-жүлделі орынға ие болды. 2020 жылы Junior Eurovision байқауында Қарақат Башанова да 2-орынды иемденді. Былтыр Қазақстаннан Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин қатысып, 19 елдің ішінен 8-орынға тұрақтаған.