Екібастұзда зейнеткер үйінде үсіп қайтыс болғаны рас па?
Әлеуметтік желіде Екібастұз қаласында тұратын қария үйінде үсіп өлгені туралы хабар тарап жатыр
Қаладағы пәтерлердің бірінен зейнеткердің денесі табылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция ер адамның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқтығын хабарлаған.
Ал Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қаладағы пәтерлердің бірінде ер адамның үсіп қайтыс болғаны туралы WhatsApp желісіндегі хабарламаның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Баспасөз қызметі шынымен де үйлердің бірінде зейнеткердің қайтыс болғанын, бірақ оған пәтердің суық болуы себеп болмағанын түсіндірді.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, зейнеткер көзі тірісінде қан қысымынан зардап шеккен.
Жедел жәрдем станциясына сағат 17.32-де Екібастұз қаласындағы пәтерлердің бірінде ер адамның есінен танып қалғаны туралы ақпарат түскен.
Медициналық қызметкерлер 8 минутта жетті. Оқиға орнында дәрігерлер 70 жастағы ер адамның көз жұмғанын анықтады. Ешқандай үсік белгілері байқалмады, - деді станцияның баспасөз қызметі.
Сағат 17.50-де пәтерге полиция шақырылған. Ер адам көз жұмған кезде оның жұбайы қасында болған. Полицейлер ер адамның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ екенін атап өтті.
Екібастұз тұрғындарын тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік жүктелетінін ескертті.