Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

"Халық жауының қызынан" "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкеріне" айналды

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ардагер ұстаз, көрнекті мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Орынша Қарабалина бүгін 90 жасқа толып отыр

Новости Казахстана / "Халық жауының қызынан" "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкеріне"  айналды

Ол бала күнінде "Халық жауының" қызы атанып, талай қиындық көрген, өзін білімге арнап, жарты ғасырдан астам уақыт көптеген шәкірт тәрбиелеген.


"Халық жауының қызы" болып қиын күн кешті


Орынша Қарабалина 1932 жылы 7 қарашада Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. Жастайынан әкесінен ерте айырылған ұстаз өмір бойы "Халық жауының қызы" атанып келген. Оған таңылған осы атаудың кесірінен тұйық болып, тіпті бірде өзіне "мүлде күйеуге шықпаймын" деп үкім кескен кездері де болыпты.

Әкемді ұстап әкеткенде мен бес жасар ойын баласы едім. Әкеміз Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы болғандықтан, портреті көшеде ілулі тұратын. Сол бір күндері көшеде ойнап жергенде әкемнің портреті жыртылып, жерде жатқанын байқадым. Көтеріп алып, бүктелген тұстарын жазуға тырыстым. Бетін бояумен шимайлап тастаған екен. Бояуды етегіммен сүрте бастағанда, әлдекім маңдайымнан нұқып қалды. Жетелеп үйге әкелді де, анама: "Қызыңды тый!" деді, - дейді ұстаз.

Негізі Орынша Қарабалина Ұзақбай Құлымбетовтің туған інісі Жолмұраттың қызы екен. Бірақ бәрі бір шаңырақта өскен соң, бәріміз Ұзақбай әкеміздің балаларымыз дейді. Кейін әкесі атылып кеткен соң, Орынша Жолмұратқызына ағасы Қарабаланың тегін берген.

Орынша Қарабалинаның айтуынша, "халық жауының" ұрпағы болған соң, тіпті мектепте де қудалауға ұшыраған. Сөйтіп жеті мектеп ауыстырған соң, Жаркенттегі Молотов атындағы мектепті тәмамдайды да 1952 жылы Қазақ мемлекеттік әйелдер педагогикалық инстутиты "Тарих пәнінің мұғалімі" мамандығына оқуға түседі.

Сол жылдары жазушы, мемлекет қайраткері Кәкімжан Қазыбаевпен танысып, араға сегіз жыл салып, отау құрады.

Ауылдан Алматыға оқуға келе жатқан едік. Вагон толған студент. Өзім көп адаммен араласпай, қашқақтап жүретінмін. "Халық жауының" қызы деген сөз жаныма батады. Сарыөзектен пойызға бір ақсақал мінді. Құмалақ ашады екен. Менен басқа студенттің бәрі жапырлай құмалақ аштырды. Бір кезде "Орынша қарындасқа да құмалақ ашып беріңіз, оның да сырын білейік" деген дауыс шықты. Жалт қарасам қараторы жігіт қолындағы үш сомын ақсақалдың қолына ұстатып жатыр. Қария құмалағын шашып жіберді де: "Бақыт күтіп тұр, қараторы жігітке тұрмысқа шығасың... Тек судан қашып жүр, ажалың судан болады" деді. Мен дәл сол сәтте өліп қалатындай жылап жібердім, - дейді ұстаз.

Ол ұстаздық жолын қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі қызметінен бастайды. Мектепте алғашқы күндерден-ақ іскерлігімен көрініп, алғашқы төрт жыл ішінде Талдықорған облыстық комсомол комитетінің пленум мүшесі, Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің ҮІІІ съезінің делегаты болып сайланды. Кейін 1956 мен 1959 жылдар арасында газет пен журналдардың редакциясында жұмыс істеген.

Ал 1961 жылы қазіргі Республикалық мектеп-интернатқа орналасып, зейнетке шыққанша осы мектепте тарих, адам және қоғам пәндерінің мұғалімі қызметін атқарған. Жалпы жұмыс өтілі – 53 жыл.


Баукең алып берген макинтош


Сөйтіп сегіз жылдан кейін Орынша Жолмұратқызы Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының үйіне келін болып түседі. Кәкімжан Қазыбаев пен Рақымжан Қошқарбаевтың достық қарым-қатынасының орнауына да халық қаһарманы септігін тигізген деседі.

imgonline-com-ua-Resize-iR7V5Qtif43Y2.jpg

Бауыржан Момышұлы Орынша Жолмұратқызын туған келініндей көріп, бар жақсылығын аямаған. Ұстаз өзінің "Баукеңнің үйінде" атты естелігінде былай деп жазыпты:

Баукеңнің біздің үйге келіп-кетуі, қамқорлығы біздер үшін үлкен бақыт еді. Бір күні Жәкеңнің үйіне (Б.Момышұлының бәйбішесі) келе жатқанда жаңбырдың астында қалдық. Әсіресе, мен суға түсіп шыққан тауықтай сүмірейіп әрі үстімдегі киімім жұпыны болып көрінген болуы керек, Баукең: "Ана қытайдың макинтошы қанша тұрады?" деді Жәкеңе. "100 сом" деді Жәкең. Қалтасынан 100 сом алып маған берді. "Жаңбыр басылған соң макинтош алып ки" деді. Баукең алып берген макинтошты мен көлеңдетіп бірнеше жыл кидім".


Сабақты түсінбеген оқушыны көзінен танитын


Орынша Қарабалина мектепте суық, қатал ұстаз болып көрінгенімен, өз пәнінің білікті маманы, тәртіп пен тәрбиені қатар қоя білген педагог болған. Бірақ ол ешқашан шәкірттеріне дауыс көтермеген, керісінше, ұстазға тән мысымен басқан.

Қарабалина деген текті естігенде у-шу болып жатқан мектеп айналасы тып-тыныш бола қалатын. Бұған қоса Орынша апай сабақ беріп жатқан кластағы тыныштықтан шыбынның ызыңы естілетін. Барлық оқушының көздері де, құлақтары да ұстаз назарында. Оқушылар арасында Орынша апайдың сабағына дайындалмай келетін "жүрекжұтқандар" мүлде аз болатын. Ұстаз сабақты түсінбей отырған оқушыны көзінен танитын. Сонда да ол ешкімге дауыс көтеріп, айқайламайтын. Беделін түсіріп, ешкіммен ұрсыспайтын да. Айтса шындықты бетіңе тура айта салатын. Кез келген оқушының беталысын бейімінен тани білетін. Сонымен қатар, бала жүрегіне үңіліп, сөйлесе де алатын. Сондықтан да мысы басқан ұстаз алдында ешкім еркелей де, еркінси де алмайтын, - деп еске алады ұстаздың шәкірті, кеден қызметінің полковнигі Бекен Нұрахметов.

Бекен Нұрахметовтің айтуынша, ол Кәкімжан Қазыбаевтың нағашы інісі екен. Бірде мектептен шығып қала жаздағанда Орынша Жолмұратқызы оны шақырып алып ескерту жасаған.

Бетіме тіктеп қарады да: "Есіңде болсын. Біріншіден, ешқашан біреуге арқа сүйеп өмір сүруге болмайтынын есіңнен шығарма. Екіншіден, ағаңның атына кір келтіресің. Үшіншіден, байқаймын, сен бұл мектептің қадірін білмей жүрген сияқтысың. Талайлардың бұл мектепте оқымақ түгілі, есігінен сығалай алмай жүргенін ұмытпа, өз тағдырыңа балта шауып алма..." деді. Жүйесімен айтылған осы сөз менің санамда мәңгілікке жатталып қалды, - дейді Бекен Нұрахметов.

Орынша Қарабалина жазушылықпен де айналысқан. Педагогтер өміріне арналған "Ұстаз жүгі қашан да ауыр" (1979 ж.), "Ұстаз бақыты" (1990 ж.), "Тағдыр" (1999 ж.), "Жүрек сыры" (2009 ж.), "Ұстаз жүгі - ауыр, қиын, қызық" (2020 ж.) атты кітаптары жарық көрді.

Сонымен қатар, ол – отызға тарта мақаланың авторы. 1978 жылдан бастап Орынша Қарабалинаның республикалық басылымдарда мақалалары жарияланып, теледидардан, Қазақ радиосынан сөйлеген сөздері алтын қорға алынған. 1998 жылы шыққан "Қазақтар" энциклопедиясының 9-томына мақалаларының көрсеткіштері енгізілген.

Орынша Қарабалина еліміздің дамуына, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін түрлі марапат алған. "Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің озық қызметкері" (1968 ж.), "КСРО білім беру ісінің үздігі" (1983 ж.), "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" (1998ж.), "Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен (2012 ж.), "Еңбек ардагері" (2018ж.), "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" (2021ж.) медалімен марапатталған. Ал "Мектебім – мақтанышым, өмірім" атты мақаласы үшін "Қазақстан мұғалімі" газетінің арнайы тағайындалған сыйлығына ие болды. Сонымен бірге, "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" құрметті атағын алған.

Аяулы ананың үш баласы да қазақ қоғамына елеулі еңбек сіңірген. Белгілі кәсіпкер Наргүл Қазыбаева-Ғалиақпарова тұңғышы. Ал ортаншысы Нұртас Қазыбаев медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасына қарасты клиникалық ауруханасының хирургия орталығының жетекшісі болған. Бірнеше өнертабыс патенттерінің иесі 54 жасқа қараған шағында мезгілсіз дүниеден өтті. Кіші ұлы Батыр Қазыбаев Қазақстанда аты әйгілі медиаменеджер, Alash Media Group холдингінің негізін қалаған. Амал не, биыл ұзаққа созылған аурудан 53 жасында өмірден озды.


Следующая →