Келесі жылдан студенттерге оқу ақысын төлеу үшін несие беріледі
Оқу ақысын төлеу үшін ғана банктер студенттерге 2-3 пайызбен несие бермек
Бұл туралы бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Халық үні сайтына сілтеме жасап.
Үкімет отырысынан соң журналистер министрден оқу ақысын төлеуге 2-3 пайыздық несие қашан берілетінін сұрады.
Келесі жылдан бастап беріледі. Қазір біз қаржыландыру және несие алу моделін мұқият зерттеп жатырмыз. Несиені екінші деңгейлі банктер береді. Студент өз атына 2-3 пайызбен рәсімдей алады, – деді Саясат Нұрбек.
Сонымен бірге, ол Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде талантты, көшбасшылық қасиеттері бар мамандардың арасынан менеджерлер резервінің құрылатынын айтты.