Алаяқ жарты күннің ішінде 3 млн 400 теңге несие рәсімдеп үлгерген
ШҚО Катонқарағай ауданы тұрғындарының бірінің атынан өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырған белгісіз біреу 3 млн 400 мың теңге несие рәсімдеп алған
Елімізде интернет алаяқтығы күннен-күнге артып келеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
30-49 жастағылар көп алданып қалады
Еліміздің Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан интернет алаяқтары азаматтарға 7 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірген.
Осы жылдың 7 айында 11 763 интернет-алаяқтық тіркелді. Биыл азаматтарға 7 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілді. Жылдың басынан бері 571 адам ұсталып, 17 жағдайда қылмыстық топтар алаяқтық жасады. Әдетте, мұндай алаяқтықты жас адамдар жасайды. Ішкі істер органдары алаяқтық жасау тәсілдері мен сақтық шараларын келтіре отырып, тұрақты негізде БАҚ арқылы да халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, - деп мәлімдеген болатын Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ал ШҚО Прокуратурасының ақпаратына сүйенсек, облыста тіркелген барлық алаяқтықтардың 67% - интернет алаяқтық.
Ағымдағы жылдың 9 айында ғаламтор алаяқтары 1,5 мыңнан астам шығысқазақстандықтың 600 млн теңгеден астам ақшасын жамқырған.
Соңғы кезде интернет-алаяқтықтың өсуіне ІТ-технологиялардың қарқынды дамуы, қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ, пандемия, одан кейін интернет-желілерде тауарлар мен қызметтерді сату нарығының белсенділігі әсер етті, - деп мәлімдеді ШҚО бас прокуроры Алмат Байшолақов. - Олардың жартысына жуығы 30 бен 49 жас аралығындағы ересек жұмыс істейтін адамдар. Көбінесе, 31% жағдайда, 50-60 жастағы ересек адам интернет-алаяқтарға алданып қалады. Ал 18-29 жас аралығындағы жастар олардың шырмауына көп түсе бермейді (20%).
Алаяқтық түрі интернетте тауарлар сатумен қатар, тағы бір проблема - «Инстаграмда» белсенді түрде таратылатын жоғары кірісті инвестициялар салу жөнінде алаяқтықтың жаңа түрі болуы мүмкін.
Облыс орталығында қаскүнемдердің «ҚазМұнайГаз» АҚ атрибутикасын пайдалануына байланысты 13 қылмыстық іс тіркелген, - деп мәлімдеді ШҚО Прокуратурасы. - Жалпы, алаяқтық туралы 419 қылмыстық іс ашылмаған күйінде қалып отыр. Барлығы бойынша оларды ашуға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүргізіледі.
Әдетте, алаяқтар ақшаны алған соң, өздерінің телефонын өшіріп, әлеуметтік желілерден жоғалып кеткеннен кейін ғана жәбірленушілер өздерінің алданып қалғанын біліп жатады. Содан соң құқық қорғау органдарына ұзақ уақыт өткен соң жүгінеді.
Катонқарағайлық мұғалім айлакердің арбауына қалай іліккенін айтты
Алаяқтар Катонқарағай ауданындағы тұратын Жанар Ерінбековаға ватсап желісі арқылы хабарласып, «біреулер сіздің атыңыздан несие рәсімдегелі жатыр» деп алдаған.
Осы жылдың 22 шілдесі күні сағат 11.00 мөлшерінде өзін банк қызметкерімін деп таныстырған ер адам маған ватсап желісі арқылы хабарласып, «Каспи банкте» біреулер менің атыма кредит рәсімдегелі жатқанын айтты. Маған «сіз жеке куәлігіңізді жоғалтып алған боларсыз, қазір телефоныңызға AnyDesk программасын орнатыңыз. Сондағы сандарды маған айтасыз» деді. Сеніп, барлығын айтып бердім, - дейді Жанар Ерінбекова.
Кейін алаяқ Жанар Ерінбековаға бірнеше банктің қошымшаларын жүктеткізеді. Сөйтіп ол сол программа арқылы Жанардың телефонындағы барлық функцияларды меңгеріп алған. Оны ол кейін білген.
Кейін олар жеке куәлігімнің екінші бетін суретке түсіріп жіберуді сұрады. «Біз сізге көмектесіп, алаяқтар алған ақшаны қайтарып береміз. Мен сізге көмектеспесем, мені жұмыстан шағарғалы жатыр. Қазір шот ашасыз, егер ақша керек жоқ болса, банкке қайта қайтаруыңызға болады» деп сендірді, - дейді алаяққа алданған ШҚО тұрғыны.
Қол ұшын созбақ болған «жанашыр азамат» жарты күннің ішінде Жанардың атына 3 млн 400 мың теңге несие рәсімдеп үлгерген.
- Банкке барсам, «Хоум банктен» 1 млн 200 мың тегеден екі рет барлығы 2 млн 400 мың теңге рәсімдепті. Ал халық банктен 1 млн теңге алған. Жалпы 3 млн 400 мың теңге болды. Өзімнің алданғанымды білгеннен кейін жаңағы хабарласқан адамға қайта қоңырау шалсам, «біз ешқандай несие рәсімдеген жоқпыз» деп тұтқаны қоя салды, - дейді ол.
100 мың теңгеден басталған мәселе, 1 млн-ға жетті
Амалы таусылған Жанар Ерінбекқызы жергілікті құқық қорғау орындарына шағым жазып, көмек сұраған.
Аталған жағдайды полицияға толық баяндап бердім. Полиция көрсетілген нөмерге хабарласып еді «мен банкте істеймін, бірақ ешқандай кредит рәсімдемеймін» деп телефонды тағы қоя салды. Олар маған үнемі ватсап желісі арқылы ғана хабарласып отырды. Осылай 100 мың теңгеден басталған мәселе, миллионға шықты. Өзімнің бұрынғы алған кредитіммен қосқанда 4 кредит болды, айына 200 мың теңге төлейтін болдық, - дейді Жанар Ерінбекова.
Айлығы шайлығына жетпей күн көріп отырған ерлі-зайыптылар несиені төлеуге шамалары келмейтінін айтуда.
Өзім мектепте сабақ беремін. Еңбекақым 190 мың теңгенің айналасында. Несиені төлеуге шамамыз келмейді. Үйіміз де жоқ. Жалдап тұрып жатырмыз. Айлықтан айлыққа әрез жетеміз. Бала-шағамыздың тамағы, киімі тағы бар, - дейді отанасы.
Банк қызметкерлері болуы мүмкін
Жанар Ерінбекованың жолдасы Бақытбек Дүйсебаев бұл іске банк қызметкерлерінің қатысы бар екенін айтады.
Жағдайды естігенде не істерімізді білмей қалдым. Кредитті төлеуге шамамыз келмейді. Қандай шара қолданса да өздері білсін. Әдетте несие алғанда қаншама қағазға қол қойып әрең аламыз. Ал алаяқтар қалай тез алды, ұқпаймыз. Меніңше, банк қызметкерлері осы алаяқтармен істес болып отыр. Әйтпесе, ақшаны қалай шешіп алады? Олар банк жүйесін жақсы біледі. Мысалы, депозиттен ақша шешіп алып жатады, сонда адамдардың депозитінде ақша барын қайдан біледі? Бұрын банкте істеген адам болуы мүмкін, - дейді Бақытбек Дүйсебаев.
Ерлі-зайыптылар банкке де барып арыз жазған. Ал банк оларға мынадай хат жіберіпті.
Кредит шартының талаптарына сәйкес Сіз Банктің веб-сайтында жарияланған Жеке тұлғаларға арналған банктік қызмет көрсету шартына (бұдан әрі – БҚШ) қосылдыңыз. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР) 715-бабы шеңберінде Банк Сіздің алдыңызда кредит беру жөніндегі міндеттемелерді орындағанын атап өткіміз келеді. Бұл ретте Банктің Сіз алған кредиттің пайдаланылуын анықтауға және бақылауға құқығы жоқ екенін атап өтеміз, өйткені Сіз оны өз қалауыңызша пайдалана аласыз. Осылайша, алаяқтық фактісі расталмады, өйткені Сіз өз бетіңізше үшінші тұлғалардың сөзіне еріп, оларға сендіңіз. Қазіргі уақытта тұрақсыздық айыбын есептеуді болдырмау және кредиттік тарихыңызды бұзбау үшін кредитті өтеу кестесі мен Кредит шартының талаптарына сәйкес уақтылы өтеуді ұсынамыз, - деп жазған Home Credit Bank Сұраулармен жұмыс бөлімінің бастығы Динара Жолжігіт.