"Азия дауысы" фестивалі қайта жаңғырмақ
Алматы әкімдігі "Азия дауысы" фестивалін қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр
Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қала әкімімен кездесуге келген Әуезов ауданы тұрғындарының бірі Алматыда өтетін мәдени іс-шараларға қатысты сұрақ қойды.
Ерболат Досаев Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, "Азия дауысы" және басқа да музыкалық фестивальдерді жаңғырту жоспарда бар екенін атап өтті.
Мәслихат қолдаған Алматы қаласын дамыту бағдарламасында ауқымды жоспарлар бар. Жыл сайын адамдар бізге келуі үшін кем дегенде 30 тұрақты іс-шараны жоспарлап отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, "Азия дауысы" және басқа да тарихи қалыптасқан музыкалық фестивальдар мен іс-шараларды жаңғырту көзделген. Димаш Құдайбергеннің концертіне келер болсақ, бұл – Орталық стадионда соңғы 25 жылда алғаш рет жасалған эксперимент. Өте жақсы өтті. "Медеудегі" фестивальды қайтарғымыз келеді. Ұсынысыңызға рахмет, - деді шаһар басшысы.