Республикалық тазылар жарысында ШҚО-ның Көкқасқасы жеңіске жетті
Кеше Ақмола облысында "Жүйрік тазы" республикалық жарысы өтті
Бұл сайысқа еліміздің 16 өңірі мен Астана және Алматы қалаларынан барлығы 36 тазы қатысқан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір апта бұрын Өскемен қаласында осы жарысқа іріктеу өткен еді. 1000 метр қашықтыққа жүгірген 35 тазы ішінен Көкқасқа суырылып алға шыққан болатын.
Ал енді Аршалы ауданындағы республикалық сайыста да бабы келіп, иесіне бас жүлдеге тігілген құнанды мінгізді.
Қарсыластар бәрі мықты. Финалда алты тазы жүгірді. Көкқасқа мен қарағандылық Сарықасқа таласып, тазыларды қайта жүгіртуге тура келді. Бәрібір Көкқасқа жүйрік екенін дәлелдеді, - дейді Көкқасқаның иесі Мансұр Қанатбекұлы. - Жарыс ұйымдастырушыларына көп рахмет айтамын. Тазы жанашырлары жыл сайын жиналып, осындай жарыстар жиі болса екен.
"Асыл қазына" федерациясының ұйытқысымен мұндай жарыс Қазақстанда бесінші рет өткізіліп отыр. Мақсаты – қазақы құмай тазы тұқымын сақтап, кеңінен дәріптеу.