Биыл таңдау пәні ретінде шахмат 654 мектепте енгізілген
Оқу жылы басталғалы бері шахмат таңдау пәні ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичпен кездесті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгінгі таңда біз мектептерде «Шахмат» факультатив пәнін енгізу және шахмат бойынша қосымша секцияларды ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Дене шынықтыру бойынша үлгілік оқу бағдарламасының бөліміне «Шахмат», «Тоғызқұмалақ» және т. б. оқу енгізілді, - деп жазды Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, оқу жылы басталғалы бері шахмат таңдау пәні ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді. Ал мектептердегі шахмат секцияларының саны 7 мыңнан асып, 60 мыңнан астам бала оларға қатысуға мүмкіндік алды.
Бұл жұмысты әрі қарай да белсенді түрде дамытуды жалғастырамыз. Қосымша білім беру ұйымдарындағы балаларды да шахмат ойнауға үйрету мәселесі ұмыт қалған жоқ. Онда балаларға арналған 3,5 мыңға жуық шахмат үйірмесі құрылған, - деді ол.