Дәретханадан шақалақты алып шыққан полицейдің шені өсті
Алматыда дәретхана шұңқырынан сәбиді аман алып шыққан полицейге майор шені берілді
Алматыда дәретхана шұңқырына тасталған сәбиді құтқарған полицей марапатталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Алматыда 17 жастағы қыз бала даладағы дәретханада түсік тастаған. Нәрестенің көрер жарығы бар екен, полицейлер келгенде тірі жатқан.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түнде сағат екіде кәмелетке толмаған қыздың түсік тастағаны туралы хабар берілген.
Оның ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды.
Дәрігерлермен сөйлескеннен кейін оқиға орнына барып, тексеруді жөн көрдім. Басыма «бала қайда?» деген сұрақ келді. Қыздың анасынан оқиғаға дейін оның сырттағы дәретханада біраз уақыт болғанын білдім. Дәретхана ішінен қан іздерін тауып, ішінде жатқан баланы көрдім. Ол тыныс алып жатты. Осы кезде жедел тергеу тобы келді, оның құрамында криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ғазиз Хамасқалиев болды. Дәретхананың еденінен тақтайларды тез алып тастадық. Әріптесім Ғазиз төменге түсіп, баланы қызметтік көйлегіне орап, абайлап шығарып алды, - дейді Нұржан Шатунов.
Ал 17 жасар қыздың анасы оның жүкті болғанын білмеген. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Түрксіб аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінде тергеу амалдары басталды.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен полиция капитаны Нұржан Шатунов өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, баланы құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, ерлігі мен жанқиярлығы үшін майор шенін алды.
Сол бұйрықпен лейтенант Ғазиз Хамасқалиев үш жалақы мөлшерінде сыйақы алады.