Байланыс операторларына 135 млн теңге айыппұл салынды
Өткен жылы интернет пен байланыс қызметін сапасыз көрсеткен операторларға 135 млн теңге айыппұл салынды
Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек мәлім етті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Оның атап өтуінше, бүгінде еліміздің 99 пайызы Интернетпен қамтылған. Бірақ бұл Интернет пен байланыс қызметі тек ауылдық елді мекендерде ғана емес сонымен бірге қалаларда да сапалы деп айтуға келмейді.
Ең алдымен, биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте Интернетке мобильді кеңжолақты қолжетімділікті сапасыз көрсеткені үшін айыппұл көлемін арттырдық. Екіншіден, өткен жылы Интернетке қолжетімділіктің әр түрі бойынша шекі мән енгіздік: 3G үшін секундына 1 мегабит, 4G үшін секундына 5 мегабит. Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша сапаны тексеру бағытында да үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. "Мемлекеттік радио жиілік қызметі" азаматтардың шағымымен үнемі өңірлерге шығып тұрады, - деді Асхат Оразбек елордада өтіп жатқан "Цифрлық Қазақстанға бетбұрыс" атты халықаралық форум аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Вице-министрдің айтуынша, өткен жылы 500-ден астам тексеру жүргізілді. Азаматтардың шағымының басым бөлігі мобильді желі арқылы интернетке қолжетімділіктің сапасыздығына қатысты болды.
Біз айыппұл көлемін 10 есеге арттырдық. Қазіргі уақытта азаматтардың арызы бойынша байланыс сапасының бұзылғанын анықтасақ, онда байланыс операторы 500 АЕК айыппұл төлейді. Ал бұзушылық қайта анықталған жағдайда, яғни байланыс әлі де сапасыз көрсетілсе, онда айыппұл 1,5 мың АЕК болады. Өткен жылы 500-ден астам тексеру жүргізіліп, 135 млн теңгеге айыппұл салынды, - деді ол.