ШҚО-да интернет дұрыс ұстамайтыны географиялық бедеріне байланысты
Еліміздің барлық өңірінде интернет сапасына шағым көп екенін ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі жасырмайды
Интернеттің қолданыстағы технологияларын жеткізу қиын жерлерге интернет спутник арқылы беріледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Шағым барлық дерлік өңірден бар. Бұл реттен бірқатар өңірдің географиялық бедерінің күрделі екендігін түсіну қажет. Ондай өңірлер – Қарағанды, Ұлытау облыстары, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарының кей жерлері. Жер бедері күрделі болған кезде операторларға интернеттің қолданыстағы технологияларын жеткізу өте қиын. Сондықтан ол жерлерге интернет спутник арқылы беріледі, - деді Асхат Оразбек елордада өтіп жатқан "Цифрлық Қазақстанға бетбұрыс" атты халықаралық форум аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның атап өтінше, спутниктен берілген интернеттің сапасы нашар болады.
Мұны бірден мойындауымыз қажет. Бүгінде мұндай мыңнан астам локация бар және де бұл локацияларды негеостанционарлы спутниктік технологияны пайдалану арқылы қамтимыз. Бұл технологияның трафик сапасы біршама жақсы. Жалпы, ол тұрғыны 200 адамнан аспайтын шағын елді мекендерді сапасы жақсы интернетпен қамту үшін жеткілікті, - деді вице-министр.