Шымент қаласында енді бесінші аудан пайда болады
Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 200 мыңнан асады
Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясында депутаттар "Шымкентте бесінші аудан құру туралы" ұсынысты бір ауыздан қолдап дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халқының саны миллионнан асқан мегаполис осылайша 5 аймаққа бөлініп отыр. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 200 мыңнан асады. Ал әзірге жаңа ауданған қандай атау берілетіні белгісіз. Бұл мәселе қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес алдағы сессияда Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылатын болады.
Бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласының аумағында Қаратау, Еңбекші, Әл-Фараби, Абай аудандары әкімдіктері болған.
Бесінші ауданды құру қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді, - дейді әкімдіктегілер.