"Пәкістандық" шәйға тыйым салынған бояғыштар қосылғаны анықталды
Күрең қызыл түсті болып шығатын "пәкістандық" шай маркаларында тыйым салынған жасанды бояғыш қайта табылды
Бұл туралы "Еркін талғам" зертханасы жүргізген зерттеуден кейін мәлім болды.
Тәуелсіз сынақ зертханасы "Эмир Premium Gold", "Апамның шәйі Premium Gold" және "Аль-Кайрат Premium Gold" түйіршіктелген қара шайдың "пәкістандық" маркаларына талдау жүргізді. Талдау нәтижелері бойынша шайға қолдануға тыйым салынған жасанды бояғыш тартразин Е102 жоғарыда аталған барлық маркаларда анықталды. 2021 жылы басқа тәуелсіз зертхананың зерттеулерінің нәтижелері бойынша жасанды бояғыш тартразин Е102 сонымен қатар түйіршіктелген қара "пәкістандық" шайының бірнеше маркаларында – Al-Marua Premium", "Эмир чай GOLD", "Al-Jannat GOLD", "Al-Hayat GOLD" және "Орда Пакистан" шайларында анықталған. "Эмир чай GOLD" маркасында E110 "Солнечный закат" E110 сары жасанды бояғыш анықталды, - деп жазылған 4 шілдеде таратылған ақпаратта.
Тартразин E102 деген – синтетикалық жолмен алынған ең арзан бояғыштардың бірі. Өкінішке қарай, тамақ өнеркәсібінде негізгі қолданатын бояулардың біріне айналып барады.
Шайдағы жасанды бояғышты мөлдір ыдыста суық суға бір қасық шай қосу арқылы анықтауға болады. Араластырмай 5 минут бақылау жеткілікті. Бояуы бар өнім суық суға сары түс береді.