Мың айдан да қайырлы Қадір түнін қалай өткіземіз?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасымен биыл Қадір түні - 28 сәуірден 29 сәуіріне қараған түнге келіп тұр
Қадір түні Рамазан айының соңғы он күндігінде келеді. "Айша (Алла оған разы болсын) анамыз: Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Қадір түнін Рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер", - деген хадис жеткізген.
Сондай-ақ, Ибн Аббас-тан (р.а.): Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер" (5), - деген риуаят бар. Ғалымдардың айтуынша, жұп күннен тақ күнге өткен түн Қадір түні болмақ. Яғни, ол 20-сынан 21-іне, 22-сінен 23-іне, 24-інен 25-іне, 26-сынан 27-сіне, 28-інен 29-ына қараған түннің бірінде келмек. Яғни, Рамазан айының соңғы он күндігіндегі тақ күндерді назарда ұстаған жөн. Ал мұндай күндердің саны - бесеу.
Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде Қадір түні Рамазанның 27-cі немесе 29-ы екенін айтқан. Әлемнің ғұлама ғалымдары соның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мамандары биыл Қадір түні сәуір айының 28-інен 29-ына қараған түн деп белгіледі. Бірақ әр мұсылман Қадір түнін Рамазан айының соңғы 10 түнінен іздейді.
Бұл түні мұсылман баласы барынша көп құлшылық жасап, Алла Тағалаға мінәжат етуі керек. Құран Кәрімді оқып, Жаратушы иеден жасаған қателік-күнәлары үшін кешірім сұрайды. Ал Қадір түнін дәл осындай ізгі амалдармен өткізген адам Алла Тағала алдында құрметті әрі ардақты болады. Бұл түні аспаннан жерге түсетін періштелердің көптігі соншалық, оларға жердің өзі таршылық етеді. Демек, бұл Қадір түніндегі періштелердің көптігін көрсетеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады", деп хабар береді. Бұл түні тағдыр бекітіледі. Алла Тағала осы түні пенделерінің бір жылдық тағдырын бекітеді. Сондай-ақ, бір жыл ішіндегі табиғат құбылыстарын, жақсылық пен жамандықты, өмірге келетін һәм өмірден өтетін адамдардың мезгілін бекітеді. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі.
Бұл түні күнәлар кешіріледі. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кім де кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылық ететін болса, Алла Тағала оның бұрынғы істеген барлық кінәларын, кемшіліктерін, қателіктерін кешіреді", - деген.
Алла Тағала дәл нақты қай күні болатынын жасырып қойған Қадір түнінің өзіндік белгілері бар. Бірінші белгісі - ауа райының бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады" деген. Екінші белгісі - сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді. Убада ибн Самиттен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы: "Қадір түнінің белгісі, оның - тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Тағы бір белгісі - таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді", - деп сипаттағаны риуаят етілген.