ҚР Еңбек министрлігі 1 қарашаға орташа зейнетақы мөлшерін атады
Аталған күні елдегі зейнеткерлер саны екі миллион 230 мыңнан астам адамды құрайды
2021 жылғы қаңтар-қазан аралығында республикалық бюджеттен базалық зейнетақыны төлеуге шамамен 682,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдерін төлеуге – 1,5 трлн теңге бағытталды. 2021 жылдың 1 қарашасына зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 99 804 теңгені құрады, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлікте 2018 жылдың бірінші шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып жеке тағайындалатынын еске салады. Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға ынтымақты жүйеде жинақталған еңбек өтілі, сондай — ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі-МЗЖ) төленген кезеңдер қосылады.
Егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он және одан аз жылды құраса, сондай-ақ ол болмаған кезде базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% - не тең болады, одан әрі 10 жылдан астам әрбір жыл үшін оның мөлшері 2% - ке артады.
Мысалы, 20 жыл қатысу өтілі кезінде базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74% – ін, 30 жыл-ең төменгі күнкөріс деңгейінің 94% - ін құрайды.Еңбек өтілі 33 және одан көп жыл болған жағдайда ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100% – і мөлшерінде белгіленеді.
Егер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына МЗЖ аудару бір айда бірнеше рет жүзеге асырылса, жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңі бір айды құрайды.
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары қаншалықты тұрақты және толық көлемде төленетін болса, зейнетақы жасына жеткен кезде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де соншалықты жоғары болады.
Өз кезегінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде 6 ай талап етіледі) және зейнетақы алдындағы кезеңде алынған орташа айлық кіріске байланысты болады.