Өскемен
малооблачно
-13°
  • Өскемен
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +1°
  • Қарағанды
    -3°
  • Көкшетау
    -9°
  • Қостанай
    -7°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Қазақстан Қазақстан Алексей Сафонов
Ақпарат көзі:
Устинка

Қазақстанның Президенті Еріктілер жылын қорытындылады

Қасым-Жомарт Тоқаев Еріктілер жылын қорытындылау салтанатында сөз сөйлеп, бірқатар сұрақтар төңірегінде пікір білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Волонтер жылының табысты болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жыл біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлем тарихында аса күрделі кезеңдердің бірі болғанына қарамастан, "қайырымды істер" жалпыұлттық идеясы он мыңдаған қазақстандықтың қайырымдылығы мен жанашырлығының арқасында өмір шындығына айналды. Президенттің пікірінше, отандастарымыз ұлт рухының мызғымас беріктігін, бірлік пен ынтымақтың, тұтастық пен тілектестіктің, шынайы ықылас пен бір-біріне деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті.

- Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті.  Қауіпті дерт ел-жұрттың денсаулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды. Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік, - деді Президент.

Жыл бойы 100 мыңнан астам адам ерікті қызмет көрсетті. Волонтерліктің жаңа бағыттары да тиімді дами бастады. Мемлекет басшысы жанашыр азаматтары көп мемлекеттің болашағы да жарқын болатынын атап өтті. Еріктілер қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатынына сенім білдірді.   

- "Birgemiz" жалпыұлттық бастамасы аз ғана уақытта көптеген мейірімді отандасымызды жұдырықтай жұмылдырды. Олар осындай қиын кезеңде мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Аталған бастама аясында "Qamqor", "Saulyq", "Sabaqtastyq" жобалары жүзеге асырылып, жүз мыңдаған тұрғынға көмек көрсетілді. Өзендерді, ормандарды тазалау, ағаш егу, қоқысты сұрыптау жөніндегі «Taza Alem» волонтерлік қозғалысының қызметі де көпшіліктің қолдауына ие болды. Бүгінде экобелсенділік – сән қуу емес, шынайы қажеттілік, өмір қағидаты. Сол арқылы біз табиғатымызды сақтай аламыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік органдар, архив ұйымдары, ғылыми институттар еріктілердің ресурсын пайдалануы қажет деп санайды. Оның айтуынша, Арыс пен Мақтааралдағы қайғылы оқиғаларды ескере отырып, күрделі техногенді апаттардан кейінгі құтқару жұмыстарын жүргізу үшін еріктілер дайындайтын арнайы оқыту курстарын ашу қажеттігі туындап отыр. Табиғатты және жан-жануарларды қорғау мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондай-ақ қайырымдылық қызметіне жүйелі түрде қолдау көрсету мәселесіне де басымдық берген жөн. Президенттің тапсырмасы бойынша қайырымдылық саласындағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беретін Қайырымдылық туралы заң жобасы әзірленуде.

- Әлеуметтік бағыттағы қызметті ынталандыру және оны қолдаудың баршаға түсінікті әрі тиімді құқықтық тетіктері қажет. Бұл үшін Үкімет атқарылатын міндеттерді пысықтауы тиіс. Қайырымдылық ұйымдарын алғашқы ашылған жылдары және одан кейінгі уақытта дамыту үшін олардың жеңілдетілген несие алуына, мемлекет меншігіндегі нысандарды жеңілдікпен пайдалануына мүмкіндіктер жасау керек. Бизнес пен жеке тұлғалардың қайырымдылық және волонтерлік жобаларға қатысуын жанама ынталандыру үшін оның тиімді тетіктерін, соның ішінде, мемлекеттік қолдау көрсету шаралары кезінде оларға құқықтық басымдық беру маңызды. Қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарға мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да көрсетілетін қаржылай және басқа да көмектердің аясын кеңейту керек. Үкіметке тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қайырымдылық ұйымдарының реестрін енгізу мәселесін ойластыруды тапсырды. Бұл тізбе осы саладағы барлық ақпараттық жүйеге енгізіліп, қайырымдылық ұйымдарының қызметімен, олардың қаржылық есебімен танысқысы келетін кез келген азаматқа қолжетімді болуы тиіс. Электронды қайырымдылық саласында азаматтарды алаяқтардан қорғау жүйесін әзірлеу де маңызды.

– Бүгінде бұл – қаржылай көмек аударудың танымал түрі. Қазақстанның әрбір үшінші азаматы онлайн садақа беруді жөн көреді. Алаяқтыққа жол бермей, азаматтардың сеніміне көлеңке түсірмеу үшін онлайн-банкингтер арқылы садақа беру қызметін жедел пайдалану тетігін енгізу қажет. Бұл қаражаттың түсуін және жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы волонтерлік ұйымдарды қолдау және оларға арнайы гранттар бөлу жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Қайырымдылық істерді жалғастыру үшін еріктілікті дамытудың жол картасын және оларды даярлауға арналған бағдарлама әзірлеу керек. Үкіметке волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандартын жасау тапсырылды.

– Волонтерлік – бұл жай ғана әлеуметтік құбылыс емес. Тіпті, бір күнде қалыптасатын әдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адамдардың саналы түрде таңдаған өмір салты.  Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет.  Осы ретте, барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынамын. Қоғамға қызмет етуді зердесіне түйген ұл-қыздарымыз нағыз азамат болары анық. Дана Абай айтқан "Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек" дәл қазіргі кезеңде ауадай қажет. Бұл асыл қасиеттер волонтер қатарына қосыламын деген әрбір жастың бойынан табылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.   

Мемлекет басшысының сөзінде волонтерлік және қайырымдылық қызметтердің, сондай-ақ, корпоративтік волонтерлікті дамыту аясында әлеуметтік серіктестіктің әлеуетін арттыруға баса мән берілді.

Қазақстан әлемнің әртүрлі елдеріндегі мұқтаж жандарға көмек қолын созу арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еріктілер бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді атсалысқан елдердің бірі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау жөнінде ұсыныс айтты. Бұл бастама Қазақстанның волонтерлік дәстүр мен мәдениетті елімізде ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлемде дамытуға ниетті екенін білдіреді.

– Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. Осыған орай жалпыұлттық деңгейде "Қайырымды істер" марафонын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл – береке-бірлігімізді арттыратын маңызды бастама. Қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетіні анық. Бұл үшін ұлт болып ұйысудың маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті пандемияның қиын-қыстау кезінде бейтарап қалмай, халыққа көмектесіп жүрген, сондай-ақ, волонтерлердің бірқатар ұсынысы мен бастамасына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.  

Іс-шара барысында "Ұлттық Волонтерлік желі" заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Вера Ким, Арыс қаласының еріктісі Олжас Мамыр, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының үйлестірушісі міндетін атқарушы Тойли Курбанов, Теміртау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берлікбай Ордабаев, "Қоғамдық бақылау" тобының республика бойынша үйлестірушісі Саида Тәуекелева, Ресей Волонтерлік бастамалар ассоциациясы орталығының төрағасы Артем Метелев, "Саналы ұрпақ" жобалық кеңсесінің офицері Богдан Петров, "INUCOBO" жан-жануарларды қорғау ұйымының президенті Лилия Сәрсенова, БҰҰ Еріктілерінің халықаралық волонтері Айнұр Қанафина, "Шаг навстречу" штабының еріктісі Максим Панченко, "АВК" Атыраулық еріктілер корпусының басшысы Бекасыл Самиғолла, "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова сөз сөйледі.
Следующая →