Коронавирустан көз жұмғандармен қоштасуға келгендер 3 метр ара қашықтықты сақтауы керек
Бас санитардың арнайы қаулысында коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамдарды жерлеу тәртібі бекітілді
Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
- Мен арнайы қаулыны бекіттім. Онда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамдарды жерлеу тәртібі де көрсетілді. Осы вирустан көз жұмғандардың ағзасын ашып қарамайды. Мәйіт туған-туыстарына да берілмейді, - деді Есмағамбетова бүгінгі онлайн-брифингте.
Оның айтуынша, марқұммен қоштасуға 30 минут уақыт қана беріледі. Соның өзінде 3 метр алшақ тұру қажет. Ондайда тек жақын туыстар мен бір дін қызметкері ғана болуы шарт.
- Марқұмды жерлеу кезінде барлық эпидемиологиялық шаралар ескеріледі. Осының бәрін санитарлық-эпидемиологиялық мамандар мен жергілікті билік өкілдері міндетті түрде бақылап тұруы қажет, - деп атап көрсетті Есмағамбетова.
Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирусты жұқтырғандардың саны 369 адамға жетті. Үш адам қайтыс болды.